Білім • 20 Наурыз, 2018

Сапасыз білім мен салғырт басшы оқушылардың келешегіне кедергі келтірмей ме?

637 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы облысында білім беру саласының жұмысы ақсап тұр. Өкінішке қарай, мемлекет тарапынан жасалып отырған ерекше жағдайға қарамастан, аймақтағы оқу сапасы ойдағыдай емес. Бұлай деуімізге былтырғы жылдың қортындысы бойынша анықталған бірқатар деректер дәлел.

Сапасыз білім мен салғырт басшы оқушылардың келешегіне кедергі келтірмей ме?

Облыстар арасындағы салыстармалы бағалау бойынша 2017 жылы Жетісу өңіріндегі білім беру деңгейі 54,5 пайызға әрең жетіп, республика бойынша төменгі орыннан көрінді. Өткен жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағының нәтижесі бойынша да облыс он үшінші орынға табан тіреген. Бір қызығы, осыдан 4-5 жыл ілгеріде ел бойынша топжарған аймақтардың тізімінен түспейтін облыста жағдайдың күрт нашарлап кетуінің нақты бір себебі анықталмай келеді. Көп ішінде барлық мәселенің түйінін облыстық білім басқармасын бұған дейін бірнеше жыл басқарған, былтырғы жылдың соңына қарай қызметінен кеткен Ләззат Базарқұловаға апарып тірейтіні аңғарылғанымен, тұтас жүйедегі жұмыстың кілт ақсауы бір адамға тіреліп тұрмағаны және анық. Ал облыстың бас мұғалімі қызметіне жаңадан тағайындалған Дәурен Жүнісовтың саланы сауықтырып, сапаны жақсартуға орай жасаған жұмысының жеміс көретін кез де алыс емес. Биылғы оқу жылының аяқталуына санаулы ай қалғанын меңзеп отырмыз.

Жалпы, әлеуметтің назарындағы білім саласының жайы биылғы облыс әкімінің есебіне арқау болған-ды. Амандық Баталовтың аузымен ауқымды мәліметтер айтылған. Әрине, аймақтағы білім саласына бөлінген қаржының сатылап көбейюі мен облыста мектеп құрылысының тоқтаусыз жүргізіліп жатқаны мақтанышқа бөлейді. Мысалға, облыста жалпы біліммен қамтуға, оның ішінде заман талабына сай білім беретін ғимараттар салуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өңірдегі апатты мектептердің орынына жаңасын салу мен үш ауысымды оқыту мәселесі шешілуге жақын. Осы мақсатта өткен жылы 47 білім беру нысанын салуға және жаңғыртуға 26 млрд. теңге бөлінген екен. Оның ішінде жалпы құны 5,2 млрд теңгені құрайтын 24 ғимарат толықтай күрделі жөндеуден өткізілген. Мұның көбісі облыстың тұрғындар молынан қоныстанған аудандарында жүзеге асуда. Тағы да, 3- 6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен 100 қамту жөніндегі Елбасы тапсырма табысты орындалып жатыр. Өткен жылы қамту деңгейі 95 пайыздан асса, биыл 98 пайызға жетпекші. Осы есеп беру жиынында облыс басшысы мұғалімдердің жалақысы көбейгенін айтып, қуантқан. «Мұғалімнің жалақысы жаңартылған мазмұн бойынша 1 қаңтардан бастап 30 пайызға немесе орташа 135 мың теңгеге дейін өсті...» деген еді Баталов. Былай қараған адамға, осыншалық қолдау мен жағдай жасалып отырған жерде жұмыстың нәтижесі мен сапасы да жоғары болуы керек. Ендеше облыс ұстаздарының еңбегі жанбай, білім берудің сын көтермеуі неліктен?

Мұның сыртында, мектеп жасындағы балалардың арасындағы қылмыс жасау деректері де жиі тіркелетін болған. Демек, облыста білім берудің сапасы ғана емес, тәрбие берудің деңгейі де сын көтермейді деген сөз. Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі Жамбыл, Талғар, Кербұлақ, Алакөл аудандары мен Текелі қаласында байқалған. Тағы былтырғы жылдың есебіне жүгінейік: 2017 жылы мектеп жасындағы балалар тарапынан 334 құқық бұзушылық деректері тіркелген екен. Өкініштісі, жасөспірімдердің қолынан 5 адам мерт болып, 2 зорлау фактісі бойынша да қылмыстық іс қозғалыпты. Өкініштісі, мектеп қабырғасында білім алып жүрген жас қыздардың жүкті болып қалуына қатысты анықталған деректер де жантүршіктіреді...

Айтпақшы, мектеп мұғаліміне қол жұмсау фактісі де Алматы облысында жиі орын алып тұрғыны жасырын емес. Былтыр Текелі қаласында мектеп мұғалімін ұрып, бағалы заттарын тонап кеткен үш оқушы ұсталып, сотталған. Ал биылғы жылдың басында Іле ауданына қарасты Боралдай кентінде орналасқан Кенен Әзірбаев атындағы №15 жалпы білім беретін мектеп директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлзира Байділдаеваның соққыға жығылғаны туралы шу әлі басыла қойған жоқ. Бұл мәселе жайлы «Егемен Қазақстан» газеті «Ұстазға неге қол көтереді?» деген тақырыппен мақала жариялаған болатын. Ата-ана тарапынан жәбірленіп, ауыр дене жарақатын алған ұстаз әлі күнге дейін соның зардабын тартуда. Қазір Гүлзира Байділдаева екі айға созылған сауықтыру емін алып, дәрігерлердің бақылауында жүр. Сол сияқты мұғалімнің оқушыға қол жұмсауы да Іле ауданы Байсерке аулындағы орта мектепте орын алып, істің аяғы ұстаздың қызметтен кетуімен аяқталған еді...

Әрине, аймақтағы білім саласында қалыптасқан ахуалдың себеп – салдарын анықтау жүріп жатыр. Жақында облыстық білім саласы қызметкерлерінің алқа мәжілісінде  біз термелеп отырған жайттар қатаң сыналып, облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар аудандық білім бөлімі басшылары мен жекелеген мектеп директорларының қызметіне қатысты өткір талап қойды. Өкініштісі, аудандық деңгейдегі білім беру ісі жеке тұлғалардың салғырттығынан арылмай келеді. Мысалға, өткен жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ең төменгі нәтиже көрсеткен Ұйғыр, Жамбыл аудандары білім бөлімдерінің басшылары  әлі күнге дейін жауапты адамдарды анықтап, тиісті шара қабылдамаған. Дәл осындай сын облыстың білім сапасын кері сүйреп отырған бес бірдей мектептің директорларына қатысты да айтылды. Мәселені шешудің басқа жолы қалмағандықтан болар, облыс әкімінің орынбасары аталған мектептердің басшыларынан қызметтен кетуді талап етті.

- Ондаған жылдар бойына  бір орыннан тапжылмай, директор болып отырған адам жұмыстың нәтижесін емес, жайлы орынтақтан айырылып қалмауды ғана ойлайды. Өкінішке қарай, бұл мектеп директорлары туралы солай деуге тура келеді. Мектеп директоры мен мұғалім  - баланың тағдырына жауапты. Ал біздің ұстаздар бұл жауапкершілікті сезіне алмай отыр, – деді Жақсылық Омар.

Айтпақшы, осы алқа мәжілісінде облыстық білім сапасын бақылау департаментінің директоры Салтанат Досматова мектептерді тексеру кезінде жиі кездесетін кемшіліктерді алға тартты. Бақылаушылардың байқағанындай, облыста бастауыш сынып оқушыларының білім деңгейі өте төмен екен. Тексерілген 26 мектептің он тоғызында қорытынды бағалаудың сәйкессіздігі анықталған. Басқаша айтқанда, бірқатар мектептерде бағаны көтермелеп қоюға жол беріліп отыр. Сондай-ақ, «Алтын белгіге» үміткер ретінде оқу үлгерімі төмен оқушыларды ұсыну жағдайы да жиі болады екен. Бұл талапкердің ҰБТ сынағы кезінде білім  деңгейін дәлелдей алмауға әкеліп, сол арқылы тұтас оқу сапасының төмендеуіне әсер етіп отырған көрінеді...

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы